Қазақстанда сақтандырусыз медициналық тексеруден өту тәртібі өзгеруі мүмкін
Қазақстанда 2027 жылдан бастап медициналық сақтандыруы жоқ азаматтарға кейбір тексерулерден өтуге рұқсат берілуі мүмкін. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, емханаға алғаш жүгінген кезде бірқатар медициналық қызметті алуға мүмкіндік беретін ұсыныс әзірледі.
Атап айтқанда, азаматтар жалпы қан мен зәр талдауын тапсырып, қан қысымын өлшете алады. Сондай-ақ ЭКГ, флюорография, қандағы оттегі деңгейін тексеру, іш қуысы мен бүйрекке ультрадыбыстық зерттеу жүргізу қарастырылған.
Бұдан бөлек, басқа да бірқатар тексеру түрлерін сақтандырусыз қолжетімді ету ұсынылып отыр.
Жаңа ережелер 2027 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін. Алайда әзірге бұл — Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы. Құжатты қоғамдық талқылау 23 қазанға дейін жалғасады.