Шымкентте заңсыз казиноның 200 млн теңгеден астам мүлкі тәркіленді
Шымкентте «Bingo-37» және «Lotoboom» онлайн-платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған екі адам төрт жылға сотталды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарға құмар ойындарға қатысу туралы ұсыныстар жіберген. Келісім берген адамдарға аккаунт ашылып, логин мен пароль, сондай-ақ ақша аударуға арналған банк шоттарының деректемелері берілген.
Ақша қабылдау және ұтыстарды төлеу үшін 14 адамның атына ашылған банк шоттары пайдаланылған. Екі онлайн-казиноның жалпы айналымы 3,1 млрд теңгені құраған.
Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған қаражатқа 200 млн теңгеден астам сомаға мүлік сатып алынғаны анықталды. Оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza және SsangYong Rexton маркалы автокөліктер, сондай-ақ екі жер учаскесі бар.
Сот үкімімен екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Заңсыз жолмен алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.