Қаржы

Цифрлық таңбалау бюджетке миллиардтар әкелді

Қазақстанда тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін енгізу көлеңкелі айналымды азайтып, бюджет түсімдерінің артуына әсер еткен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілі мәлімдеді, Newsroom.kz хабарлайды.
 

Спикердің айтуынша, таңбалау енгізілгенге дейін, 2019 жылы темекі өнімдерінен алынған акциз көлемі 191,5 млрд теңгені құраған. Цифрлық таңбалау енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 281,1 млрд теңгеге дейін өскен.

«2019 жылы темекі өнімдерінің акцизі бойынша 191,5 миллиард теңге түскен. Таңбалау енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 281,1 миллиард теңгеге дейін өсті», – деді спикер.

Оның сөзінше, цифрлық таңбалаудың экономикалық әсері дәрі-дәрмек нарығынан да байқалады. Бұл бағытта бюджетке қосымша 24 млрд теңге түскені айтылды.

Сонымен қатар дәріханалардағы бақылау барысында сатуға болмайтын дәрілік заттардың да анықталғаны белгілі болды. Спикердің мәліметінше, тексеру кезінде 27 мыңға жуық дәрілік зат бойынша заң бұзушылықтар анықталған.

Мамандардың айтуынша, цифрлық таңбалаудың негізгі мақсаты – тауардың қозғалысын өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап, соңғы тұтынушыға дейін бақылау, контрафактілік өнімнің таралуын шектеу және көлеңкелі айналымды азайту.