Қылмыс

Ақтөбеде сотталған ұстау изоляторынан шатыр арқылы қашпақ болды


Ақтөбе облысында 33 жастағы сотталған адам уақытша ұстау изоляторынан шатыр арқылы қашып кеткен. Алайда ол сол күні ұсталып, қашқаны үшін тағы да сотталды. Бұл туралы Newsroom.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
 

Ер адам бұған дейін көлік құралын мас күйде басқарғаны және жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырғаны үшін бас бостандығынан айырылған.

Үкім шыққаннан бірнеше күн өткен соң ол Қарғалы аудандық полиция бөлімінің Бадамшадағы УҰИ-ден қашуға әрекет жасаған.

Тергеу материалдарына сәйкес, кешкі серуен кезінде сотталған адам есіктегі құлыпты ашып, басқа серуендеу ауласына өткен. Кейін қабырғаны және арматураны зақымдап, шатырға көтеріліп, тікенекті сымнан асып кеткен.

Алайда алысқа ұзай алмаған. Полиция оны сол күні ұстаған. Сотта ер адам кінәсін толық мойындаған.

Қашқаны үшін оған ҚР Қылмыстық кодексінің 426-бабы бойынша 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұған дейінгі жазасының өтелмеген бөлігі ескеріліп, түпкілікті жаза мерзімі 2 жыл болды.

Ол жаңа жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.