ҚАТЗУ әлемнің ТОП-400 аграрлық университеті қатарына енді
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті QS World University Rankings by Subject 2026 халықаралық пәндік рейтингіне алғаш рет енді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
ҚАТЗУ «Ауыл және орман шаруашылығы» (Agriculture & Forestry) бағыты бойынша әлемдік рейтингте 351–400-орындар аралығынан көрінді. Биыл аталған бағыт бойынша QS рейтингіне әлемнің 475 университеті енгізілген.
Осылайша, университет алғаш рет QS нұсқасы бойынша ауыл және орман шаруашылығы саласында әлемнің үздік 400 жоғары оқу орнының қатарына кірді.
QS World University Rankings by Subject 2026 рейтингі 25 наурызда жарияланған. Биыл рейтинг әлемнің 100 еліндегі шамамен 1900 жоғары оқу орнының 21 мыңнан астам академиялық бағдарламасын қамтыды.
Университет бұл нәтижені аграрлық ғылым мен білім саласындағы халықаралық позициясының нығаюы және ғылыми-зерттеу әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалуының көрсеткіші деп бағалап отыр.