Қазақстан Ресеймен мұнай жеткізу келісімін қайта жандандырды
Құрылтай Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімнің қолданысын қайта бастау жөніндегі хаттаманы екі оқылымда мақұлдады. Құжат 2028 жылға дейін күшінде болады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Келісімнің негізгі мақсаты - екі ел арасындағы мұнай өнімдерін жеткізудің құқықтық негізін сақтау. Құжат аясында Ресейден Қазақстанға мұнай өнімдерін бажсыз импорттау мүмкіндігі де сақталады. Сонымен қатар мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудің индикативтік баланстарын жыл сайын келісу және екі елдің уәкілетті органдары арасында ақпарат алмасу тетігі жалғасады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, келісім Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен ішкі нарықтағы тұрақтылық үшін маңызды. Ресейден бажсыз жеткізілетін отын тапшылық кезінде ішкі сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2026 жылы келісімнің арқасында Қазақстанның шамамен 30 млрд теңге үнемдеуі күтіледі. Оның ішінде бензин бойынша – 5,59 млрд, дизель отыны бойынша – 15,75 млрд, авиациялық отын бойынша 8,61 млрд теңге үнемделмек.
Қазақстан қазір ішкі сұраныстың 90%-дан астамын өз өндірісі есебінен қамтамасыз етеді. Алайда авиациялық отынның бір бөлігі импортталады. Министрдің мәліметінше, Ресейден жылына шамамен 300 мың тонна авиациялық отын әкелінеді.
Келісім 2010 жылы жасалып, Қазақстан оны 2013 жылы ратификациялаған. Оның бастапқы мерзімі 2024 жылғы 1 қаңтарда аяқталған. Кейін екі ел келісімді қайта жандандыру туралы хаттамаға 2024 жылғы 27 қарашада Астанада қол қойған. Жаңартылған келісім 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.