Технологиядан спорттық білімге: EU Reporter жобалар туралы жазды
Еуропалық EU Reporter басылымы қазақстандық Нұрасыл Медеудің кәсіби қызметі мен елдегі спорттық білім беруді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бастамалары туралы мақала жариялады.
Материалда оның технология саласынан білім беру мен спорт индустриясына дейінгі кәсіби жолы, сондай-ақ заманауи университет моделін қалыптастыруға қатысты көзқарастары сөз болады.
«From Tech to Sport: How Nurassyl Medeu Is Building a New Education Model in Kazakhstan» атты материалда Нұрасылдың бастамаларының бірі ретінде 2023 жылы «Спорт» бағытының Қазақстанның жоғары білім беру мамандықтары жіктеуішіне алғаш рет енгізілгені атап өтіледі.
Бұл өзгеріс спортты тек кәсіби спортшыларды даярлау саласы ретінде емес, менеджмент, спорт ғылымы, аналитика, технология және басқа да мамандықтарды қамтитын дербес білім беру бағыты ретінде дамытуға жол ашты.
Технологиядан спорттық білімге дейін
Нұрасыл Медеудің кәсіби жолы технология саласынан басталған. Ол Бостон университетінде Computer Science мамандығын тәмамдап, жасанды интеллект, деректерді талдау, киберқауіпсіздік және бағдарламалық инженерия бағыттары бойынша білім алды.
Технология саласындағы тәжірибесі кейін спорт индустриясының цифрлық трансформациясына қызығушылығына әсер еткен. Оның көзқарасында деректер, аналитика және заманауи технологиялар спортты басқару мен дамытуда маңызды құралдардың біріне айналуы тиіс.
Нұрасылдың пікірінше, АҚШ-тағы университеттік орта оның білім беру жүйесіне деген көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен. Ол заманауи университетті тек диплом беретін мекеме емес, білім, технология, бизнес және нақты индустрия тоғысатын орта ретінде қарастырады.
Сонымен бірге халықаралық тәжірибені Қазақстанға сол күйінде көшіру емес, оны жергілікті жағдай мен елдің қажеттіліктеріне бейімдеу негізгі ұстанымдардың бірі болған.
Әлемдік тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеу
EU Reporter материалында KNUS университетінің қалыптасуына да ерекше назар аударылған. Жоба аясында Ұлыбританиядағы Лафборо университеті және Германиядағы Кёльн спорт университеті секілді жетекші оқу орындарының тәжірибесі зерттелген.
Бұл университеттердің білім беру, ғылыми зерттеу және кәсіби тәжірибені бір жүйеге біріктіру тәсілі KNUS моделін қалыптастыруда маңызды бағдар болған.
Алайда университеттің даму концепциясы Қазақстан мен Орталық Азияның ерекшеліктерін ескере отырып жасалған. Негізгі мақсат — халықаралық талаптарға сәйкес келетін білім беру жүйесін қалыптастырып қана қоймай, өңірге қажетті кәсіби құзыреттерді, зерттеу әлеуетін және технологиялық мүмкіндіктерді дамыту.
260 студенттен 5 мыңнан астам білім алушыға дейін
Жарияланымда жобаның бірнеше жыл ішіндегі өсу динамикасы да көрсетілген. 2022 жылы APEMS бакалавриат бағдарламаларында 260 студент білім алса, бүгінде білім алушылардың жалпы саны 5 мыңнан асып отыр.
Осы кезеңде академиялық ұжым кеңейіп, авторлық білім беру бағдарламалары енгізілген. Сонымен қатар заманауи зертханалар ашылып, шетелдік университеттер мен халықаралық ұйымдармен әріптестік байланыстар дамыған.
Нұрасылдың айтуынша, APEMS-тен KNUS-қа дейінгі трансформация білім беру жобасының ауқымы мен мазмұнының өзгергенін көрсетеді.
Өңір жастарына жаңа мүмкіндік
EU Reporter мақаласында дарынды және әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін жастарға арналған Life Chance және Merit бағдарламалары да аталады.
Life Chance бастамасы, атап айтқанда, ауылдық және шалғай елді мекендерден шыққан талапкерлерге, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға жататын жастарға білім алуға мүмкіндік беруге бағытталған.
Жалпы, Нұрасыл Медеудің ұстанымы спорттық білім беруді дәстүрлі шеңберден шығарып, оны технология, ғылым, бизнес және кәсіби индустриямен байланыстыратын кешенді экожүйе ретінде дамытуға негізделген.