Жаңалықтар

⁠«Бес күннен бері хабар жоқ»: ата-аналар СІМ-нен көмек сұрады

Ресейге жұмыс іздеп барған, кейін қақтығыс аймағында жүргенін айтқан қазақстандықтардың ата-аналары Астанада Сыртқы істер министрлігінің алдына жиналды. Олар бірнеше күннен бері балаларынан хабар ала алмай отырғанын айтып, биліктен елге қайтаруға көмектесуді сұрады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Ата-аналардың айтуынша, балалары Ресейге жұмыс істеу үшін барған. Алайда кейін олардың кейбірі әскери келісімшартқа қол қойғанын, енді бірі қақтығыс аймағына жіберілгенін хабарлаған.

Аналардың бірі ұлымен соңғы рет бес күн бұрын сөйлескенін айтты.

«Балам: “Жараландым, анашым” деп айтты. Елге қайтамын, қалай қайтсам болады деді. Мен хабарлама жазған едім, бармады. Сол бес күннен бері телефоны қосылмады», – деді ол.

Бұған дейін де қазақстандықтардың туыстары ұлдарының Ресейге бейбіт жұмысқа барғанын, кейін әскери келісімшартқа қол қоюға мәжбүр болғанын немесе құжаттардың мазмұнын толық түсінбегенін айтқан. Бұл мәліметтерді азаматтардың өздері мен олардың туыстары мәлімдеген.

Ал Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды елге қайтару бойынша Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, жедел желіге келіп түскен әрбір өтініш тексеріліп, тексеру аяқталған соң қақтығыс аймағындағы азаматтардың тізімі Ресей тарапына жіберіледі.

СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов азаматтарды анықтау үшін олардың аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері және жасалған келісімшарттардың шарттары туралы ақпарат қажет екенін айтты.

Қазір ата-аналар мен жақындары балаларынан хабар алып, оларды Қазақстанға қайтаруға нақты көмек көрсетілуін күтуде.