Қылмыс

Жамбыл облысында 15 жастағы жасөспірім қаза тапты

Жамбыл облысында 15 жастағы оқушы футбол алаңында соққы алып, көз жұмды. Оқиғаға қатысты 16 жастағы жасөспірім қамауға алынды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Қайғылы жағдай Байзақ ауданындағы Ботамойнақ ауылында болған. 15 жастағы Миятбек Ерсеит футбол алаңына ойнауға кеткен. Кейін ата-анасына оның соққыға жығылғаны туралы хабар жеткен.

КТК мәліметінше, жасөспірім кеуде тұсынан соққы алғаннан кейін құлап, есін жимастан көз жұмған. Марқұмның әкесі сол күні тағы бірнеше баланың соққыға жығылғанын айтып, ұлы қатардың соңында тұрғанын жеткізген. Бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталмаған.

Марқұм мен күдікті бір лицейде оқыған әрі отбасылары көрші тұрған. Қаза болған баланың анасының айтуынша, жерлеуден кейін күдіктінің туыстары келіп, кешірім сұраған. Отбасы оларды кешірген.

Алайда полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. 16 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Іс Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі — абайсызда өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша тергеліп жатыр.

Білім бөлімі оқиғаның оқу уақытынан тыс болғанын хабарлады. Қазір тергеу жалғасып жатыр және іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.