Әлем

Сочи жағалауында мұнай танкері өртенді

Қара теңізде Сочи жағалауына жақын маңда мұнай тиелген Aframax Rio танкері өртенді. Оқиғадан кейін 23 адамнан тұратын экипаж эвакуацияланды.Бұл туралы Newsroom.kz шетелдік және ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Өрт 6 қазан күні кешке Сочи жағалауынан теңіздегі танкерден шыққан. Әлеуметтік желіде тараған кадрларда кемеден қалың қара түтін көтерілгені көрінеді. Түтін Сочи жағалауынан байқалған.

Ресей Көлік министрлігінің мәліметінше, Либерия туы астында жүзген Aframax Rio танкеріне теңіздегі ұшқышсыз катерлер шабуыл жасағаннан кейін өрт шыққан. Кемеде мұнай болған және теңіз бетінде мұнайдың ашық жануы тіркелген.

Танкер бортындағы 23 экипаж мүшесінің барлығы құтқарылды. Олардың барлығы Үндістан азаматтары. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.

Алғашқы ақпараттарда танкердің бірнеше күн бойы Сочи маңындағы теңізде дрейфте болғаны айтылды. Mash басылымы кеменің Новороссийскіден Үндістанға шикі мұнай тасымалдағанын жазды.

Оқиғадан кейін Сочи мен «Сириус» аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. «Сириус» аумағындағы жағажайлар уақытша жабылып, ауа мен су сапасына мониторинг жүргізілді.

«Сириус» әкімшілігінің мәліметінше, ауадағы ластаушы заттардың концентрациясы рұқсат етілген шектен бірнеше есе төмен болған және тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірмеген.

Қазір танкердегі өртті сөндіру жұмыстары қауіпсіз жағдайға байланысты жүргізілуде. Ресей Көлік министрлігі құтқару кемелері танкерге жақындауы үшін жалынның қарқыны төмендеуі қажет екенін хабарлады.