Медицина

Қызылордада медицина саласындағы заңсыз төлем анықталды

Қызылорда облысында мемлекеттік медициналық ұйымдардың жеке клиникаларға келісімшартта көрсетілген сомадан артық қаражат аударғаны анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін 73 млн теңге толық көлемде өндірілді. Бұл туралы Newsroom.kz Қызылорда облысының прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Облыс прокуратурасы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалындағы қор қаражатының игерілу заңдылығына талдау жүргізген.

Талдау барысында мемлекеттік медициналық ұйымдардың жеке медициналық ұйымдарға – бірлесіп орындаушыларға шартта белгіленген сомадан артық төлем жасағаны анықталды.

Атап айтқанда, Жаңақорған орталық аудандық ауруханасы 2023 жылы 33,1 млн теңге, 2024 жылы 6,6 млн теңге артық қаражат аударған.

Ал Арал орталық аудандық ауруханасы 2023 жылы 13,8 млн теңге, 2024 жылы 18,6 млн теңге артық төлеген.

Осылайша, бірлесіп орындаушыларға жалпы 73 млн теңге негізсіз төлем жасалған. (GOV.KZ⁠)

Прокуратураның ұсынысы негізінде заң бұзушылықтар жойылып, жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сот шешімдерімен 73 млн теңге толық көлемде өндірілді.