Аймақтар

Оралда оқушылар қытай тілін тегін үйрене бастайды

Орал қаласында оқушыларға қытай тілін тегін меңгеруге мүмкіндік беретін жаңа жоба іске қосылмақ. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды. 

Бастама «Әділет» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырған «Ұстаз айтса» диалог алаңы аясында жүзеге асырылады. Осы бағытта №7 мектеп-гимназия мен Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат аясында оқушыларға қытай тілін үйрету, олардың тілдік қабілеттерін жетілдіру және халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысуына жағдай жасау көзделген. Сонымен қатар болашақта оқушылардың Қытайға білім беру сапарларына барып, тілдік тағылымдамадан өту мүмкіндігі қарастырылады.

«Әділет» партиясы БҚО филиалының басшысы Бауржан Бектұрғанның айтуынша, қытай тілін меңгеру жастарға халықаралық білім беру кеңістігіне шығуға жаңа жол ашады.

«Қытай тілін үйрену арқылы жастар тек жаңа тілді меңгеріп қана қоймай, өзге елдің мәдениетімен танысып, халықаралық ортада тәжірибе жинақтай алады. Басты мақсатымыз – өңір жастарының білім алып, өз қабілеттерін дамытуына қосымша мүмкіндік жасау», – деді ол.

№7 мектеп-гимназия директоры Мария Кабакова жобаның тағы бір маңызды тұсы – оқушылардың алған білімін іс жүзінде пайдалану мүмкіндігі екенін атап өтті.

Жоба аясында тілдік тағылымдамалар мен білім беру сапарларын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл оқушыларға қытай тілін нақты халықаралық ортада қолдануға және Қытайдың мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Жобаны Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group атынан холдингтің атқарушы президентінің ассистенті әрі БҚО-дағы жоба жетекшісі Хэ Хуай (He Huai) үйлестіреді.

Меморандум аясында қытай тілін оқытумен қатар, оқушылардың Қытай тарихы мен мәдениеті туралы білімін арттыру, сондай-ақ халықаралық коммуникация дағдыларын дамытуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарланған.