Аймақтар

Түркістандық спортшылар Азия ойындарынан жүлдемен оралды

Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындарында Түркістан облысының спортшылары 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Newsroom.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
 

Аичи–Нагоя қалаларында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 84 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады. Оның ішінде 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль бар.

Құрлық додасына Түркістан облысынан 35 спортшы спорттың 14 түрінен қатысты. Жүлдемен оралған спортшылардың бір тобы бүгін Түркістан халықаралық әуежайында салтанатты түрде қарсы алынды.

Олардың қатарында дзюдодан командалық жарыста күміс медаль алған Айдар Арапов, еркін күрестен қола жүлдегер Едіге Қасымбек және әйелдер күресінен қола медаль иеленген Нилуфар Раимова бар.

Спортшыларды қарсы алу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, спорт саласының мамандары, спортшылардың туған-туыстары мен жанкүйерлері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары спортшылардың жетістігі өңір спортының дамуына серпін беретінін атап өтіп, алдағы халықаралық жарыстарда, соның ішінде Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсетуге тілектестік білдірді.

Азия ойындарының жүлдегерлері көрсетілген құрметке алғыстарын білдіріп, алдағы додаларда ел мен өңір намысын абыроймен қорғауға дайын екендерін жеткізді.