Құрылтай жанынан жаңа кеңес құрылмақ
Құрылтай мәслихаттармен тұрақты байланыс орнату және өңірлердегі мәселелерді орталық деңгейге жеткізу мақсатында арнайы Кеңес құру туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Кеңес мәслихаттардың заң жобаларын әзірлеуге қатысуын және қабылданған заңдардың өңірлерде жүзеге асырылуы бойынша кері байланыс орнатуды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Кеңес өңірлердегі өзекті мәселелерді анықтап, жинақтап, оларды шешу бойынша жүйелі ұсыныстар әзірлейді. Өңірлердегі тиімді тәжірибелерді зерделеп, оларды басқа аймақтарға таратуға да ықпал етеді.
Кеңес құрамына Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің депутаттары, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат төрағалары кіреді.
Өңірлермен тұрақты байланысты қамтамасыз ету үшін Құрылтайдың төрт депутатынан тұратын хатшылық құрылады. Әр депутатқа бес өңір бекітіледі.
Қажет болған жағдайда жекелеген мәселелер бойынша Құрылтай және мәслихат депутаттары, сарапшылар, азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен тақырыптық жұмыс топтары құрылуы мүмкін.