Ерлан Қарин Джеки Чанмен Қазақстандағы киножобаларды талқылады
Вице-президент Ерлан Қарин халықаралық киножобаның түсірілім тобымен кездесті. Кездесуге әлемге әйгілі актер әрі режиссер Джеки Чан, сондай-ақ шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов қатысты. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Кездесу барысында кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастық және Қазақстанда бірлескен киножобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Ерлан Қарин ірі халықаралық жобалардың Қазақстанда түсірілуі отандық киноиндустрияның дамуына, жергілікті мамандардың кәсіби тәжірибесін арттыруға және еліміздің халықаралық киноөндіріс үшін тартымды алаң ретінде танылуына ықпал ететінін атап өтті.
Кездесуде кино саласындағы жаңа технологияларды қолдану мәселесіне де назар аударылды. Қарин биыл Астанада өткен Astana AI Film Festival туралы айтып, фестивальге жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдер байқауына әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім түскенін жеткізді.
Айта кетейік, қазір Джеки Чанның қатысуымен «Доспехи Бога: Ультиматум» (Armour of God: Ultimatum) фильмінің түсірілімі Қазақстанда жүріп жатыр. Жоба Қазақстанның Sәlem Entertainment компаниясы мен гонконгтық Billion Target компаниясының бірлескен өндірісі. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласы, Алматы және Маңғыстау облыстарында өтеді. Фильмнің режиссері – қазақстандық Роберт Кун.
Фильмдегі басты рөлдердің бірін Джеки Чан сомдайды. Ол Азиаттық Ястреб рөліне қайта оралады. Жобаның халықаралық прокатқа шығуы жоспарланған, ал премьерасы 2027 жылғы ақпанға белгіленген.
Кездесу соңында Ерлан Қарин Джеки Чанға Қазақстанға деген ықыласы үшін алғыс айтып, түсірілім тобына шығармашылық табыс тіледі.