Қылмыс

Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды

Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық іс аясында ұсталды.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ниязбеков қызметке салғырт қарады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін сот санкциясымен қамауға алынған.

Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Оқиғадан кейін 3 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Ниязбековті Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметінен босатты. Ол бұл қызметке 2025 жылғы тамызда тағайындалған болатын.


Еске салайық, Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметші теңізге кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.