Әлем

Бішкек Арена ресми түрде ашылды

Қырғызстан астанасында 5 қазанда 51 мыңнан астам көрерменге арналған жаңа «Бішкек Арена» стадионының ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шара аясында ауқымды концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Ашылу кешінде Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Ресейден келген танымал өнерпаздар сахнаға шықты. Қазақстан атынан Ninety One, «Ирина Кайратовна», Қайрат Нұртас, Sadraddin және Yenlik өнер көрсетті.

Кеш барысында қырғызстандық Мирбек Атабеков, Бек Борбиев, Ulukmanapo және басқа да орындаушылар өнер көрсетіп, шетелдік әртістер де концерттік бағдарламаға қатысты. Кештің басты хедлайнерлері америкалық рэпер әрі диджей Redfoo және LMFAO-ның Party Rock Crew болды.

Жаңа арена 51 252 көрерменге есептелген. Стадион халықаралық FIFA және AFC талаптарына сәйкес салынған. Оның құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, нысанның жалпы құны шамамен 386 млн долларды құраған.

Айта кетейік, «Бішкек Арена» 31 тамызда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімін де қабылдаған болатын. Алайда бұл шара стадионның ресми ашылуы болып саналмаған.