auto.room

Көлік әкелемін деп алдаған автосалон директоры сотталды

Астанада Қытайдан автокөлік әкеліп беруге уәде етіп, бірнеше сатып алушыдан ақша алған автосалон директоры сотталды. Оның әрекетінен алты адам зардап шегіп, келтірілген материалдық залал 128 млн теңгеден асты. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап, Newsroom.kz хабарлайды.
 

Сот материалдарына сәйкес, автосалон директоры шамамен бір жыл бойы клиенттермен Қытайдан автокөлік сатып алу және жеткізу бойынша брондау шарттарын жасасқан.

Сатып алушылардан түскен ақшаны ол жеке мақсаттарына пайдаланған. Ал көліктерді жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындап жатқандай көріну үшін жәбірленушілерге банктік аударымдар жасалғаны туралы жалған құжаттар ұсынған.

Нәтижесінде алты адам зардап шегіп, оларға жалпы сомасы 128 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін толық дәлелдеді.

Сот үкімімен автосалон директорына 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптары да қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.