Әлем

Қытай автокөлік экспортына талапты күшейтеді

Қытай 2027 жылдан бастап автокөлік экспортын лицензиялау талаптарын күшейтеді. Өндірушілер шетелде сервистік қызмет көрсету желісі бар екенін дәлелдеуі керек. Бұл туралы Қытайдың Сауда министрлігіне сілтеме жасап Newsroom.kz хабарлайды.
 

Жаңа талап бойынша компаниялар шетелдегі сервистік орталықтармен жасалған келісімдерді, олардың лицензияларын және көлік пен негізгі бөлшектерді жөндеу мүмкіндігін растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.

Сондай-ақ өндірушілер сервистік орталықтардың фотосуреттерін, техникалық жабдықтар тізімін, қызметкерлердің біліктілігін растайтын құжаттарды немесе ішкі оқыту туралы мәліметтерді және қосалқы бөлшектерді жеткізу жөніндегі ақпаратты көрсетуі тиіс.

Қытай билігінің талабына сәйкес, компаниялар шетелдегі көліктерге техникалық және сервистік қолдау көрсетуге, сондай-ақ сапа мен сатудан кейінгі қызмет көрсету мәселелерін шешуге дайын екенін де растауы керек.

2027 жылға арналған экспорт лицензиясына өтінім берудің электронды жүйесі 30 қыркүйекте іске қосылды. Ал жергілікті сауда органдары құжаттарды бастапқы тексеруді 28 қазанға дейін аяқтауы тиіс. Мысалы, бірінші санаттағы автомобиль өндірушілері кемінде 50 шетелдік сервистік орталық туралы ақпарат ұсынуы қажет.

Қытай Сауда министрлігі бұл талаптарды автомобиль экспортының тәртібін реттеу және компаниялардың шетелдегі сатудан кейінгі қызмет көрсету мүмкіндігін қамтамасыз ету аясында енгізіп отыр.