Жедел жәрдемді картадан бақылауға болады
Қазақстанда жедел жәрдем шақыру тәртібіне өзгерістер енгізіледі. 13 қазаннан бастап шақыртулар шұғылдық деңгейіне қарай төрт санатқа бөлінеді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова тиісті бұйрыққа қол қойған.
Жаңа тәртіп бойынша жедел жәрдем бригадаларының шақыртуға жету уақыты оның санатына байланысты болады:
• бірінші санат – ең шұғыл шақыртулар, бригада 10 минут ішінде келуі тиіс;
• екінші санат – 15 минутқа дейін;
• үшінші санат – 30 минутқа дейін;
• төртінші санат, яғни шұғыл емес шақыртулар – 60 минутқа дейін.
Бұдан бөлек, жедел жәрдемді тек 103 нөмірі арқылы емес, арнайы мобильді қосымшалар, мессенджерлер және чат-боттар арқылы да шақыруға мүмкіндік беріледі.
Шақырту қабылданғаннан кейін азаматтар жедел жәрдем көлігінің орналасқан жерін нақты уақытта бақылап отыра алады.
Сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары GPS құрылғыларымен, бейнекамералармен және бейнетіркегіштері бар кеуде камераларымен жабдықталады.
Медицина қызметкерлеріне шақырту кезінде қауіп төнсе, оқиға орнына полиция жіберілуі тиіс.
Жаңа талаптар 13 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.