Енді дүкенде қолма-қол ақша төлеуді талап етсе жазаланды
Астанада дүкен сатушысы банк картасымен төлем қабылдамай, сатып алушыға тауар сатудан бас тартқан. Сот кәсіпкердің әрекетін заңсыз деп таныды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Оқиға биыл наурыз айында болған. Астана тұрғыны дүкеннен үш жұп аяқ киім таңдап, тауар ақысын банк картасы арқылы төлемек болған. Алайда сатушы картамен төлем қабылдамай, тек қолма-қол ақша талап еткен.
Сатып алушы бұл талаппен келіспеген. Осыдан кейін сатушы оған тауарды сатудан бас тартып, дүкеннен кетуін сұраған.
Іс сотта қаралып, сатушының тауарды сатудан бас тартқаны дәлелденді.
Сот мәліметінше, дүкенде тауар бар болған жағдайда сатушы оны себепсіз сатудан бас тарта алмайды. Сонымен қатар Қазақстан заңнамасына сәйкес, сатып алушы тауардың ақысын қолма-қол ақшамен де, банк картасы арқылы да төлеуге құқылы.
Осыған байланысты сот сатушының әрекетін заңсыз деп танып, кәсіпкерден сатып алушының пайдасына өтемақы өндіріп берді.
Яғни дүкенде банк картасымен төлем жасауға мүмкіндік бола тұра, тұтынушыдан тек қолма-қол ақша талап ету заң талаптарына қайшы болуы мүмкін.