Аймақтар

⁠Семейде студенттер дропперлер ісі бойынша жауап берді


Абай облысында Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті дропперлерді іздеп, олардың банк шоттары арқылы ақша аудару және қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан топтың әрекетін тоқтатты. Бұл туралы Newsroom.kz ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Семей қаласында жергілікті университеттің алты студенті анықталып, олардан жауап алынған.

Тергеу мәліметінше, студенттерге тиесілі банк карталары ақша қабылдау үшін пайдаланылған. Кейін түскен қаражат бірнеше бөлікке бөлініп, басқа шоттарға аударылған. Осы арқылы ақшаның шығу тегін жасыруға, қаржы қозғалысын бақылауды қиындатуға және кейін қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға мүмкіндік болған.

Мысалы, студенттердің бірінің шотына 25 азаматтан 16 млн теңгеден астам қаражат түскені анықталған.

ҚМА мәліметінше, ақша аударған азаматтар интернет-алаяқтыққа қатысты істер бойынша жәбірленушілер болып шыққан.

Олардың арасында Абай, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Жамбыл және Алматы облыстарының, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларының тұрғындары бар.

Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.