Аймақтар

Алматыда асфальт опырылып, көлік қозғалысы қиындады

Алматыда нөсер жаңбырдан кейін бірнеше жол учаскесінде топырақ пен асфальт шөгіп, көлік қозғалысы қиындады. Бұл туралы Newsroom.kz  Halyqstanға сілтеме жасап хабарлайды.
 

Олардың бірі Момышұлы көшесінде болған. Түнде жаңбыр жауып тұрған кезде жүргізушілер жолдағы ойықты өздері қолда бар заттармен толтырып, көліктердің өтуіне жағдай жасауға тырысқан.

Таңертең жағдай күрделене түскен. Жолда кептеліс пайда болып, автобустар мен жеңіл көліктер қозғала алмай қалған.

Сондай-ақ Төле би мен Розыбакиев көшелерінің қиылысында да асфальттың шөккені байқалған. Бұл учаскеде де жақында жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Қала тұрғындары жолдың шөгуіне сапасыз жөндеу жұмыстары мен топырақтың әлсіздігі себеп болуы мүмкін деген пікір білдірді. Әлеуметтік желі қолданушылары жолдағы ақаулардың көлік қозғалысына кедергі келтіріп, автобустардың кептелісте қалғанын жазған. Алматы әкімдігінің Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, Момышұлы және Төле би көшелерінде LRT жобасы аясында инженерлік желілерді қайта құру жұмыстары жүргізілген.

«Жауын-шашынның мол түсуіне байланысты жекелеген учаскелерде топырақ шөгіп, көлік қозғалысы қиындады. Қазіргі уақытта мердігер ұйым қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның ішінде негізді нығыздау және көліктердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін уақытша шара ретінде фрезерленген асфальтбетон қолданылуда», – деп хабарлады басқарма.

Ведомствоның мәліметінше, жаңбыр тоқтағаннан кейін асфальтбетон жабыны технологиялық талаптарға сәйкес толық қалпына келтіріледі.