Аймақтар

БҚО-да балалардың инклюзивті спорт фестивалі өтті

Батыс Қазақстан облысында «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті спорт фестивалінің облыстық кезеңі өтті. Оған Орал қаласы мен облыстың барлық аудандарынан 138 бала қатысты. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Фестивальді «Әділет» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы мен облыстық білім басқармасы ұйымдастырды. Жарысқа 9 команда қатысып, олардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар 56 бала бақ сынады.

Қатысушылар бочча, жеңіл атлетика және көңілді старт эстафетасы бойынша жарысты. Балалар спорттағы шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, командалық бірлік, достық және өзара қолдау құндылықтарын да танытты.

Іс-шараның ашылуында «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Бауржан Бектұрған инклюзивті спорттың балалар үшін маңызына тоқталды.

«Спорт – бұл тек жарыс емес. Бұл – рухтың күші, мақсатқа ұмтылу, өзіңді жеңу және жаңа достар табу мүмкіндігі. Инклюзивті спорт әр адамға өз қабілетін көрсетуге, өзіне деген сенімін арттыруға және үлкен команданың бір бөлігі болуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Сондай-ақ фестиваль барысында партияның облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Нұргүл Ашикова қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.

Фестивальдің негізгі мақсаты – спорт арқылы балаларды біріктіру, әр адамның қабілеті мен мүмкіндігіне құрметпен қарау, сондай-ақ қоғамда өзара қолдау мен түсіністік мәдениетін қалыптастыру.

Фестивальге қатысқан 10 жастағы Орал қаласының тұрғыны Аян Ерғалиев жарыс барысында жаңа достар тапқанын айтты.

«Бүгінгі фестивальге достарыммен келдім. Өзім спортпен кішкентай кезімнен айналысамын. Футболмен 4 жасымнан бастап айналысамын. Барлығы да көңілді әрі қызықты өтті. Достар тауып та үлгердім. Барлық командалар мықты болды», – деді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, өзіне деген сенімін нығайтуға және командалық рухын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Фестиваль қорытындысында үздік командалар мен қатысушылар марапатталды. Облыстық кезеңнің жеңімпазы «Тең мүмкіндіктер» фестивалінің республикалық кезеңіне жолдама алады.