Білім

Мұғалімдер күні: ұстаздарға қатысты қандай өзгерістер бар?

Бүгін, 5 қазанда Қазақстанда Мұғалімдер күні аталып өтіп жатыр. Соңғы жылдары педагогтердің еңбек жағдайы мен әлеуметтік қолдауына қатысты бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Қазақстанда бүгінде шамамен 600 мың педагог еңбек етеді. Педагогтердің жалақысы 2020 жылдан бері екі есеге артқан. Сонымен қатар 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің еңбекақысы 30 пайызға көтерілді.

Мұғалімнің жалақысына оның біліктілік санаты да әсер етеді. Қазір:

•⁠  ⁠педагог-модераторға – 30%;
•⁠  ⁠педагог-сарапшыға – 35%;
•⁠  ⁠педагог-зерттеушіге – 40%;
•⁠  ⁠педагог-шеберге – 50%

мөлшерінде қосымша ақы қарастырылған.

Бұдан бөлек, 500 мыңнан астам педагог біліктілік санаты, еңбек өтілі және академиялық дәрежесі үшін тұрақты қосымша төлем алады.

Педагогтерге біліктілік санатына қарай 30-50 пайызға дейін қосымша ақы төленеді. Сондай-ақ ауылға жұмысқа барған жас мамандарға «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында көтерме жәрдемақы және тұрғын үй алуға бюджеттік кредит қарастырылған.

Мұғалімдердің қағазбастылығын азайтуға да көңіл бөлініп отыр. Педагогтерден кәсіби қызметіне қатысы жоқ міндеттерді орындау талап етілмеуі тиіс.

Биыл білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу бағытында да жұмыстар басталды. Атап айтқанда, шағын жинақты мектептерде AI технологияларын қолдану бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Сонымен қатар халықаралық олимпиадаларда жүлде алған оқушыларды дайындаған ұстаздарға ақшалай сыйақы беріледі.