Мәдениет

Астанада әлемдегі ең ірі AI-кино фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Астанада жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдерге арналған Astana AI Film Festival 2026 фестивалі аяқталды. 3 қазанда өткен марапаттау рәсімінде халықаралық байқаудың жеңімпаздары анықталды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Astana AI Film Festival 1-3 қазан аралығында AI Month аясында өтті. Фестиваль бағдарламасына байқау көрсетілімдері, іскерлік кездесулер және кино мен креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен панельдік пікірталастар кірді.

Фестивальге әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түскен. Ресми комиссия іріктеген 25 жұмыс финалдық бағдарламаға енді.

Финалистерді халықаралық қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры және Францияның экс-мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group өкілі Ма Пин, Бейжің киноакадемиясының анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан және BytePlus компаниясының Таяу Шығыс, Африка, Үндістан, Түркия және ТМД елдері бойынша бас менеджері Ли Лонг болды.

Фестиваль қорытындысы бойынша бес арнайы номинация және негізгі The Future Worth Living In байқауы бойынша жеңімпаздар анықталды.

Арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар:

Best Character – Мырзахан Жұмахан, «It Was Just a Joke» (Қазақстан);

Best Story – 2xLabs, «The Last Span» (Қытай);

Best Visual – Якопо Занетти, «What’s the Job?» (Италия);

Best Direction – Якопо Реале, «The Fracture» (Италия);

Best Concept – Закари Лондон, «Pomegranate» (АҚШ).

Қазақстандық Мырзахан Жұмахан Best Character номинациясында жеңіске жетті. Оның айтуынша, «It Was Just a Joke» комедиялық фильмінде ит пен иесінің ағасы арасындағы қарапайым әзіл үлкен жанжалға ұласады.

«Мен комедиялық жанрда жұмыс істеймін. Фильм жеңіл оқиғаға құрылған. Шынымды айтсам, бәсекелестік өте жоғары болғандықтан, қатты уайымдадым. Мұнда өте талантты авторлар көп. Сондықтан әр қатысушыны лайықты қарсылас деп санадым», – деді Мырзахан Жұмахан.

Ал негізгі The Future Worth Living In байқауында он фильм финалға өтті.

Үшінші орын мен $100 мың жүлде Испания атынан қатысқан Эрнест Десумбилаға «Looking For Perseida» фильмі үшін берілді.

Екінші орын және $200 мың сыйлықты үндістандық Абхик Банерджи «SITARA» фильмімен иеленді.

Ал фестивальдің басты жүлдесі – Гран-при және $450 мың Латвиядан келген Николай Шестактың «The First Honest Day» фильміне бұйырды.

Фестивальдің бас жүлдегері бұған дейін режиссурамен шамамен төрт жыл, ал жасанды интеллект көмегімен фильм жасаумен екі жыл айналысқанын айтты.

«The First Honest Day» фильмінде адамның іс-әрекеті оның болмысын қалыптастыратыны көрсетіледі. Мен өз фильмдеріме жеке ойларым мен идеяларымды енгізуге тырысамын. Бұл жеңіске өте қуаныштымын. Жүлдені жаңа фильмдер жасауға және жобаларымды дамытуға инвестициялағым келеді», – деді Николай Шестак.

Фестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, алғашқы Astana AI Film Festival жасанды интеллект көмегімен жасалған киноға деген халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.

«Біз Астананың әлемнің түкпір-түкпірінен киноиндустрия, технология және креативті индустрия өкілдері кездесетін алаң болғанын қалаймыз. Бірінші фестиваль жақсы серпін берді. Ендігі міндет – халықаралық қатысушылар қауымдастығын кеңейтіп, кино мен жасанды интеллект тоғысындағы авторларға жаңа мүмкіндіктер жасау», – деді AAIFF құрылтайшысы әрі кеңес төрағасы Алмас Жали.

Astana AI Film Festival-дің жалпы қоры $2 млн болды. Оның $1 миллионы жеңімпаздарға берілетін жүлде қорына бағытталды. Тағы $1 млн Қазақстандағы перспективалы AI-командаларға инвестиция ретінде қарастырылған.

2 және 3 қазанда фестивальдің финалистерінің фильмдері MEGA Silk Way сауда ойын-сауық орталығындағы Chaplin кинотеатрында үлкен экранда көрсетілді.

Осылайша, алғашқы Astana AI Film Festival әлемнің әр елінен келген авторларды біріктіріп, жасанды интеллектінің кино өндірісіндегі мүмкіндіктерін талқылауға арналған халықаралық алаңға айналды.