Алаяқтар мұғалімдер күнін де өз пайдасына пайдаланбақ
Мұғалімдер күні қарсаңында алаяқтар қазақстандықтарды алдаудың жаңа тәсілін қолдана бастаған. Олар мұғалімдерге арналған сыйлықтарды сылтау етіп, азаматтарды жалған сайттарға бағыттайды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Алаяқтар мұғалімдерге арналған сыйлық жиынтықтарын, гүлдер мен түрлі тауарларды арзан бағамен ұсынатын жалған сайттар мен парақшалар құрады. Сыртқы көрінісі шынайы интернет-дүкендерден айырмашылығы аз болуы мүмкін.
Сонымен қатар алаяқтар жасанды интеллект мүмкіндіктерін де пайдаланады. Олар шын мәнінде жоқ тауарлардың суреттерін жасап, сатып алушылармен чат-бот арқылы сөйлеседі. Бот сыйлық таңдауға көмектесіп, адамды тауар үшін тез арада төлем жасауға итермелеуі мүмкін.
Тауарға ақша аударғаннан кейін сатып алушы сыйлықты алмай қалуы ықтимал. Бұдан бөлек, жалған сайттарда банк картасының нөмірі, CVV-код, пароль немесе SMS арқылы келген растау кодын енгізу сұралуы мүмкін.
Қалай алаяқтардың құрбаны болмауға болады?
Мамандар күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеуге және ондағы көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмауға кеңес береді. Сондай-ақ банк картасының деректерін, PIN-кодты, CVV-кодты, парольдер мен SMS арқылы келген растау кодтарын бөгде адамдарға беруге болмайды.
Тауар сатып алмас бұрын дүкеннің ресми сайтын өзіңіз іздеп, сатушы туралы ақпаратты тексерген жөн. Сайттың шынайылығына көз жеткізбей тұрып алдын ала төлем жасамаған дұрыс.
Егер банк картасының деректері алаяқтарға беріліп қойса немесе күмәнді ақша шешілгенін байқасаңыз, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттап, полицияға жүгіну қажет.