Ұлытауда 950 млн теңгеден астам марганец кенін заңсыз өндірген топ ұсталды
Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндіруді ұйымдастырған адамдар тобының әрекеті тоқтатылды. Бұл туралы Newsroom.kz Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаментіне сілтеме жасап хабарлады.
Ведомство мәліметінше, операция Қаражал қаласындағы «Восточный» карьері аумағында прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген.
Күдіктілер кенді заңсыз өндіру үшін ауыр карьерлік техникаларды – экскаваторлар, тиегіштер мен самосвалдарды пайдаланған.
Сонымен қатар карьер аумағында арнайы өндірістік база жабдықталған. Мұнда өндірілген шикізат ұсақтау-жуу кешені арқылы өңделген. Кейін дайындалған марганец кені жүк көліктерімен тиісті құжаттарды пайдалана отырып, Қазақстан аумағынан тыс жерге шығарылған.
Тергеу барысында заңсыз өндірілген және сатылған марганец кенінің көлемі 4 мың текше метрден асқаны анықталған. Оның жалпы құны 950 млн теңгеден асады.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.