Әлем

Қырғызстанда жаңа жер сілкінісі тіркелді

Қырғызстан аумағында магнитудасы 4,9 болатын жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулерін Қазақстанның сейсмологиялық қызметі де тіркеген.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Қазақстан уақыты бойынша 1 қазанда сағат 13:17-де болған жер сілкінісінің ошағы Қырғызстан аумағында орналасқан. Сейсмологиялық деректер бойынша, эпицентр Қызыл-Үңкүр ауылынан шамамен 6 шақырым солтүстік-шығыста, Манас қаласынан 55 шақырымдай жерде болған.

Қырғызстанның Сейсмология институтының мәліметінше, сол күні таңертең ел аумағында тағы бір жер сілкінісі тіркелген. Ол сағат 04:41-де болған. Эпицентрі Бішкектен оңтүстікке қарай 45 шақырым жерде орналасып, ошағындағы күші шамамен 3 балды құраған. Дүмпулер елді мекендерде сезілмеген.

Қазіргі уақытта жер сілкінісінен зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы ақпарат жоқ.