Қаржы

Ұлттық банк доллардың арзандауына түсініктеме берді

Қазақстанда қыркүйек айының қорытындысы бойынша теңге долларға шаққанда 4,6%-ға нығайды. Ұлттық банктің мәліметінше, ай соңында бір доллардың бағамы 440,49 теңгеге дейін төмендеген. Бұл туралы 1 қазанда жарияланған валюта нарығына қатысты ақпаратта айтылды,деп хабарлайды Newsroom.kz.
 

Қыркүйекте Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық көлемі 10,4 млрд долларға жетті. Күндік орташа сауда көлемі 415 млн доллардан 474 млн долларға дейін өскен.

Ал Ұлттық қордан валюта сату көлемі 200 млн долларды құрады. Бұл биржадағы жалпы сауда көлемінің 1,9%-ына тең. Ұлттық банк қыркүйек айында валюта нарығына интервенция жүргізбегенін мәлімдеді.

Сонымен қатар алтын сатып алу операцияларын айналық қағидатпен реттеу аясында қыркүйекте шамамен 374 млрд теңге өтімділік айналымнан алынған. 2026 жылдың төртінші тоқсанында осы тетік бойынша шамамен 907 млрд теңгеге балама шетел валютасын сату жоспарланып отыр.

Ұлттық банктің мәліметінше, алдағы уақытта теңге бағамына тоқсандық салық төлемдері, нарық қатысушыларының күтулері, әлемдік нарықтардағы жағдай және геосаяси ахуал әсер етеді.

Реттеуші икемді валюта бағамы режимін ұстануды жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл режимде теңгенің бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа және басқа да экономикалық факторларға байланысты қалыптасады.