Flydubai ұшағындағы оқиға теракт ретінде тергеліп жатыр
Израильдің Қазақстандағы елшілігі Дубай – Тель-Авив бағыты бойынша ұшқан Flydubai ұшағындағы оқиғаны әдейі жасалған теракт жасау әрекеті ретінде қарастырып жатқанын мәлімдеді.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Елшіліктің баспасөз атташесі Аружан Арыстанбекованың айтуынша, оқиға ұшақты басып алып, оны апатқа ұшыратуға бағытталған болуы мүмкін.
«Оқиға жиһадшыл террористік акт жасау әрекеті ретінде тергеліп жатыр», – делінген елшілік мәлімдемесінде.
Израиль тарапының мәліметінше, ұшақ Сауд Арабиясының Табук қаласына қауіпсіз қонған. Борттағы барлық жолаушы мен экипаж мүшелері аман.
Елшілік сондай-ақ израильдік жолаушылардың оқиғаға араласқанын хабарлады. Олардың бірнешеуі пилоттар кабинасына кіріп, шабуыл жасаған адамды залалсыздандыруға көмектескен.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жалғасып жатыр.