Шымбұлаққа көтерілген турист із-түзсіз жоғалды
Алматы тауларында 1953 жылы туған шетелдік азаматты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар туристі Талғар асуы ауданында, шамамен 3200 метр биіктікте іздестіріп жатыр. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, ер адам 28 қыркүйекте «Шымбұлақ» аспалы жолы арқылы тауға көтерілген. Кейін маршрутты өз бетінше жалғастырып, қалаға жалғыз түсетінін айтқан. Алайда ол қонақүйге оралмаған.
29 қыркүйекте оның жоғалғаны туралы хабарлама «112» пультіне түскен.
Іздеу-құтқару жұмыстарына 50-ге жуық адам, 8 техника, 7 дрон, 3 кинологиялық есептоп және «Қазавиаспас» тікұшағы жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта құтқарушылар Сол Талғар, Богданович мұздығы және оған іргелес шатқалдарды тексеріп жатыр. Сонымен қатар бейнебақылау камераларының жазбалары қаралып, осы аумақта болған туристерден сұрау жүргізілуде.
Іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр.