Жаңалықтар

Астанада «Student Unity» студенттік форумы өтті

30 қыркүйекте Астанадағы «Жастар» сарайында «Қазақстанның болашағы: Интеллект, Экология, Тәртіп» атты студенттік форум өтті. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Іс-шара «Student Unity» жобасы аясында ұйымдастырылып, оған елорданың жоғары білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.
Форум барысында білім мен интеллектуалдық даму, экология, қоғамдық тәртіп, азаматтық белсенділік және жастардың көшбасшылық қабілеттері талқыланды. Бағдарлама аясында бес сарапшы жастарға өзекті тақырыптар бойынша ой-пікірлерін ұсынып, қатысушылармен пікір алмасты. Сондай-ақ студенттер өзара тәжірибе бөлісіп, жаңа идеялар мен бастамаларды ортаға салды.
«Student Unity» жобасының мақсаты – елорда студенттерін бір ортаға біріктіріп, олардың бастамаларын қолдау және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасау.


«Біздің мақсатымыз – білімді, белсенді, заңды құрметтейтін және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын жастарды қолдау. Ең бастысы – жастар тек тыңдаушы емес, қаламыздағы оң өзгерістердің белсенді қатысушысы болуы керек», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшысы Чингиз Тлеулин.


Форумның қорытынды бөлімінде қатысушыларға арналған музыкалық бағдарлама ұйымдастырылды. Кештің арнайы қонағы ретінде Bonapart сахнаға шығып, жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.