Әлем

⁠Дубай – Тель-Авив рейсінде не болды?

Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған flydubai ұшағы борттағы ықтимал қауіпке байланысты дабыл сигналын беріп, бағытын өзгерткен. Израиль әуеге жойғыш ұшақтарын көтерген. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Boeing 737 MAX 8 ұшағы Сауд Арабиясының әуе кеңістігінде болған кезде алдымен 7700 төтенше жағдай кодын, кейін қысқа уақытқа 7500 кодын көрсеткен. 7500 коды әуе кемесін заңсыз басып алу немесе бортқа заңсыз араласу жағдайын білдіреді.

Осыдан кейін ұшақ қайтадан 7700 кодын көрсеткен. Оқиғаға байланысты Израиль тарапы шұғыл қауіпсіздік шараларын қабылдап, премьер-министр Биньямин Нетаньяху күштік құрылымдар өкілдерімен кеңес өткізген.

Алайда ұшақ Тель-Авивке бармай, Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук қаласына бағыт алған. Лайнер әуежайға аман-есен қонды, жолаушылардың барлығы қауіпсіз жерде болды.

Кейін Израиль премьер-министрінің кеңсесі ұшақты басып алу нұсқасы расталмағанын мәлімдеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, дабылдың берілуіне кабинадағы екі ұшқыш арасындағы жанжал себеп болуы мүмкін. Оқиғаның нақты себептері әзірге анықталып жатыр.