Мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындауда мұқтаждық деңгейі ескеріледі
Қазақстанда 14 түрлі мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібін қайта қарау жоспарланып отыр. Енді кейбір әлеуметтік төлемдер азаматтардың нақты мұқтаждық деңгейі ескеріле отырып тағайындалмақ. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Қазір Қазақстанда бюджет есебінен жәрдемақының 39 түрі төленеді. Жаңа тәртіп енгізілген жағдайда оның 14 түрін тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы ескерілетін болады.
Өзгерістер Цифрлық отбасы картасы бойынша әл-ауқат деңгейі «А» және «В» санаттарына жатқызылған отбасыларға қатысты болады. Бұл санаттарға әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасылар кіреді.
Қандай төлемдер қайта қаралады?
Мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалуы мүмкін жәрдемақылардың қатарында:
• бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы;
• бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім бойынша төлем;
• көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
• марапатталған көпбалалы аналарға берілетін төлемдер;
• мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған жәрдемақылар;
• бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын азаматтарға төленетін жәрдемақы;
• бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен балаларға төленетін жәрдемақылардан басқа мүгедектік бойынша төлемдер;
• асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақылар, жетім балаларға берілетін төлемдерді қоспағанда;
• жерлеуге арналған жәрдемақы;
• соғыс ардагерлеріне арналған арнайы мемлекеттік жәрдемақылар;
• қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына төленетін жәрдемақылар;
• «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атақтары бар азаматтарға арналған төлемдер.
Жаңа тәртіп қалай жұмыс істейді?
Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, әрбір жәрдемақы жеке қарастырылады. Яғни бір төлемнің тағайындалуы азаматтың басқа әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде сақтап қалатынын білдірмейді.
Мысалы, бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматқа мүгедектігі бойынша жәрдемақы төленіп отырса, бұл төлем сақталады. Ал кейін оның бала тууына байланысты басқа жәрдемақы алуға құқығы пайда болса, жаңа төлемді тағайындау кезінде отбасының мұқтаждық деңгейі ескеріледі.
Ведомствоның айтуынша, өзгерістердің негізгі мақсаты – әлеуметтік көмекті барынша атаулы ету және бюджет қаражатын нақты қолдауды қажет ететін азаматтарға бағыттау.
Айта кетейік, бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыға өтініш беру мерзіміне назар аударған. Өтініш баланың туған күнінен бастап 18 ай ішінде берілуі керек. Бұл мерзім өтіп кеткен жағдайда төлемді алу мүмкін болмайды.
2026 жылы бірінші, екінші және үшінші балаға берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 164 350 теңгені, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңгені құрайды.