Технология

Асқазанға робот көмегімен ота жасалды

Ота барысында ICG-навигациясы технологиясы қолданылған. Ол дәрігерлерге қажетті анатомиялық құрылымдарды нақтырақ ажыратуға көмектеседі. Сонымен қатар онкологиялық емдеу талаптарына сәйкес аймақтық лимфа түйіндерін алып тастауға бағытталған D2 лимфодиссекциясы жүргізілген, деп хабарлайды Newsroom.kz.

Алматы онкология орталығының онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, PhD докторы Нұрлан Балтаевтың айтуынша, роботтандырылған жүйе операциялық алаңды үлкейтілген үш өлшемді кескін арқылы көруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйе хирург қолының табиғи микродірілін азайтып, күрделі манипуляцияларды жоғары дәлдікпен орындауға жағдай жасайды.

Айта кетейік, асқазанға жасалған бұл ота — Алматы онкология орталығы мамандары орындаған 15-ші роботтандырылған операция. Бұған дейін мұндай технология тоқ ішек пен тік ішекке, қуықасты безіне, бүйрекке және жатыр денесінің ауруларын емдеуде қолданылған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, орталықта жыл сайын 3 мыңнан астам операция жасалады. Оның 60 пайыздан астамы аз инвазивті әдіспен орындалады.