Жаңалықтар

Қазақстан мен Қатар қылмыспен бірлесіп күреседі

Қазақстан мен Қатар қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты нығайтады. Құрылтай «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Келісім 2024 жылғы 29 қазанда Доха қаласында жасалған. Құжат екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі өзара іс-қимылының негізгі бағыттарын айқындайды.

Атап айтқанда, тараптар:

•⁠  ⁠ұйымдасқан қылмысқа;
•⁠  ⁠террористік және экстремистік қылмыстарға;
•⁠  ⁠есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына;
•⁠  ⁠заңсыз көші-қонға;
•⁠  ⁠адам саудасына;
•⁠  ⁠ақпараттық қауіпсіздікке қатысты құқық бұзушылықтарға қарсы күресте ынтымақтасады.

Ынтымақтастық екі мемлекеттің құзыретті органдарының сұрау салуы негізінде жүзеге асырылады. Тараптар қылмыстық іс қозғалғанға дейін де жедел ақпарат алмаса алады.

Сонымен қатар іздеуде жүрген адамдар туралы ақпаратты жедел салыстырып тексеру мүмкіндігі қарастырылған.

Келісім аясында бірлескен оқу-жаттығулар өткізу, заманауи технологиялармен алмасу және мамандардың біліктілігін арттыру жоспарланған. Әсіресе киберқылмыс пен ақшаны жылыстатуға қарсы күрес саласындағы тәжірибе алмасуға басымдық беріледі.

Осылайша, ратификацияланған келісім Қазақстан мен Қатардың құқық қорғау органдары арасындағы ақпарат алмасу мен практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.