Әлем

«Ресей де, Украина да – біздің жақсы достарымыз»: Тоқаев

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина Қазақстанның жақсы достары екенін айтып, ел үшін бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызын атап өтті. Бұл туралы Германияның ARD телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Журналист Мемлекет басшысының Омбы қаласында Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен кездесуде соғысты «мұздату» туралы айтқанын еске салып, қазіргі жағдайды ескере отырып, Ресей басшысына не айтар еді деген сұрақ қойды.

Бұған жауап берген Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің өзінің жеке ұстанымына түсіністікпен қарағаны үшін алғыс білдірді. Президенттің айтуынша, мемлекет басшыларының барлығы, соның ішінде Ресей Президенті де, Украина аумағындағы әскери іс-қимылдардың тоқтағанын қалайды.

Тоқаев Владимир Путинді көрнекті мемлекет қайраткері деп атап, оны Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін, сондай-ақ Еуропа мен бүкіл әлем үшін қолайлы саяси тұлға деп санайтынын жеткізді.

Қазақстанның ұстанымы қандай?

Мемлекет басшысы Қазақстан қақтығыс басталғалы бері Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарын ұстанып келе жатқанын еске салды. Оның сөзінше, еліміз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын құрметтеуді қолдайды.

Сонымен қатар Қазақстанның Украина халқына, оның тарихына, мәдениетіне, дәстүрлері мен тіліне құрметпен қарайтынын атап өтті.

Президент бұған дейін соғысты дереу тоқтатуды емес, әскери іс-қимылдарды тоқтатып, кейін дипломатиялық келіссөздерге көшуге мүмкіндік беретін шешімді ұсынғанын түсіндірді.

«Украина аумағында не болып жатса да, біз Ресейдің де, Украинаның да біздің жақсы достарымыз екенін әрдайым есте ұстаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Қазақстанға бейбітшілік пен тұрақтылық қажет»

Ресеймен қарым-қатынас туралы сөз қозғаған Президент екі ел арасындағы шекараның ұзындығына назар аударды. Қазақстан мен Ресейдің ортақ шекарасы 7597 шақырымды құрайды. Тоқаевтың пікірінше, бұл – екіжақты достық қатынастарды дамытуда ескерілетін маңызды фактор.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда орыс ұлтының 2,7 миллион азаматы тұратынын және православие шіркеуінің елде кеңінен ұсынылғанын атап өтті.

«Қазақстанға бейбітшілік пен тұрақтылық қажет. Онсыз біз ешқашан табысты ел бола алмаймыз», – деді Президент.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бар күшін салатынын айтты. Сондай-ақ еліміздің көршілес аумақтағы соғысты тоқтатуға және бейбітшілік орнатуға қолдан келген үлесін қосатынын жеткізді.