Алимент төлемегендер 26 млрд теңге табысын жасырған
Астана прокуратурасы алимент өндіруге қатысты сот актілерінің орындалуын тексеру барысында сот орындаушыларының әрекетсіздігіне байланысты 5 мыңнан астам фактіні анықтады. Бұл туралы Newsroom.kz елорда прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды
Сонымен қатар 5,5 мың борышкер балаларына төленетін алимент көлемін азайту мақсатында жалпы сомасы 26 млрд теңге болатын нақты табысын жасырған.
Прокурорлардың бастамасымен алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлермен жұмыс істеудің жаңа тәсілі енгізілді. Енді өндіріп алу борышкерлердің арнайы техникаларына да қолданылуы мүмкін. Бұған дейін құрылыс, жол және ауыл шаруашылығы техникалары жеке сот орындаушыларының назарынан тыс қалып келген.
Жаңа тәсілдің нәтижесінде прокурорлар борышкерлерге тиесілі жалпы құны 2 млрд теңге болатын 126 арнайы техниканы анықтады.
Қазіргі таңда прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 2,5 мың баланың пайдасына 2 млрд теңгеден астам алимент өндірілді.
Алимент төлеуден жалтарушылардың нақты табысын анықтау және мүлікті жасыру фактілерін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.