Қазақстанда қазан-қараша айларында ауа райы қандай болады
Қазақстанда биылғы вегетациялық кезең астық егетін бірқатар өңір үшін күрделі жағдайда өтті. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Баяндамада республиканың басым бөлігінде әртүрлі қарқындылық пен ұзақтықтағы құрғақшылық байқалғаны атап өтілді. Құрғақшылықтың ең ұзақ кезеңдері Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Абай және Жетісу облыстарында тіркелген.
Сонымен қатар, мамандар Қазақстанның көптеген өңірлері үшін құрғақшылық климаттық нормаға жататынын атап өтті.
Қазан айы жылы болады
Ауа райы болжамына сәйкес, қазан айында Қазақстанның басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1–2°C жоғары болады деп күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс бөлігінде және Абай облысында температура нормаға жуық болады.
Жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде норма шамасында болады. Ал Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында, Ақтөбе облысының солтүстігі мен Қостанай облысының солтүстік-батысында жауын-шашын нормадан жоғары болуы ықтимал.
Керісінше, оңтүстік және оңтүстік-шығыстың жазық аумақтарында, орталық облыстардың оңтүстігінде және Абай облысының оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болады деп болжанып отыр.
Қарашада да жылы ауа райы күтіледі
Ұзақ мерзімді болжам бойынша қараша айы да жылы болады. Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–2°C жоғары болады деп күтіледі.
Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында болады. Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстік бөліктерінде жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін.
Қазгидромет ауа райы болжамдарын Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Үкімет аппаратына аптасына екі рет — дүйсенбі және сәрсенбі күндері ұсынады. Болжамдар бір аптаға жасалып, облыстар мен күндер бойынша нақтыланады.
Ауа райын болжауда жасанды интеллект элементтері қолданылуда
Баяндамада Қазгидрометте жасанды интеллект элементтері бар цифрлық құралдар қолданылып жатқаны да айтылды.
Атап айтқанда, WRF (Weather Research and Forecasting) сандық ауа райы моделі пайдаланылады. Қазгидрометтің мәліметінше, бұл модель ауа райын сандық болжау жүйелерінің бірі болып саналады.
2026 жылдан бастап 2 шақырымдық кеңістіктік ажыратымдылықтағы модель әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың суперкомпьютерлік орталығы базасында іске қосылған. Ал 6 шақырымдық модель Астанадағы ұлттық суперкомпьютердің қуатын пайдаланады.
Бұл технологиялар ауа райы болжамдарының нақтылығын арттыруға, соның ішінде агрометеорологиялық және гидрологиялық болжамдар мен дауылды ескертулердің дәлдігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Қазгидромет бұған дейін де WRF моделін сандық ауа райы болжамдарында қолданып келгенін хабарлаған.