Қылмыс

Бес жыл бойы студенттерден ақша жинаған комендант сотталды

Астанада университет жатақханасының коменданты студенттер мен қызметкерлерден заңсыз ақша жинап, шетелдік азаматтарды тіркегені үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Сот мәліметінше, комендант бес жыл бойы университет басшылығының тапсырмасы екенін айтып, студенттер мен қызметкерлерден ай сайын 14 300 теңгеден ақша жинап келген. Алайда мұндай қаражат жинауға заңды негіз болмаған. Соның салдарынан 3 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Бұдан бөлек, сотталушы университет құжаттарын қолдан жасап, шетелдік азаматтарды жатақханаға уақытша тіркеген. 2024 жылғы 16 қыркүйек пен 2025 жылғы 13 ақпан аралығында 57 шетелдік азамат тіркелген. Олардың әрқайсысынан 40 мың теңгеден алған.

Сотта комендант кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған. Алайда оның кінәсі жәбірленуші өкілінің және куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдермен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген. 

Сот қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша оған екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар үш жыл бойы ұйымдық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функциялармен байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Сотталушының бұрын сотталмағаны және кәмелетке толмаған баласының болуы жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілген. Жәбірленушінің азаматтық талабы да қанағаттандырылды. 

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.