Каспийде қатты желден үш адам отырған қайық жағадан алыстап кеткен
Маңғыстау облысында қатты жел салдарынан ашық теңізге ағып кеткен үш адам құтқарылды. Бұл туралы Newsroom.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға өткен түні Түпқараған ауданындағы Каспий теңізінің жағалауында болған. Қатты желдің салдарынан үш адам отырған үрлемелі қайық жағадан алыстап, ашық теңізге ағып кеткен.
Оларды іздеуге ТЖМ күштері дереу жұмылдырылды. Құтқарушылар жоғалған адамдарды тауып, қауіпсіз түрде жағалауға жеткізді.
Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ.
ТЖМ тұрғындар мен демалушыларға жел күшейген кезде суға шықпауға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.