Қаржы

1 қазаннан бастап валюталық депозиттерге қатысты өзгеріс енгізіледі

Қазақстанда шетел валютасындағы кейбір депозиттердің шекті мөлшерлемесі 1 қазаннан бастап өзгереді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, өзгеріс қазіргі кезеңде 12 айдан ұзақ мерзімге ашылатын жинақ салымдарына қатысты.

1 қазаннан бастап мұндай депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі. Жаңа мөлшерлеме 2026 жылғы 1 қазаннан кейін ашылған немесе пролонгацияланған депозиттерге ғана қолданылуы мүмкін.

Қор бұл көрсеткіштердің банктер үшін ұсынылатын жоғарғы шек екенін атап өтті. Яғни, әр банк өз депозиттік өнімдері бойынша нақты сыйақы мөлшерлемесін дербес белгілейді.

Ал мерзімді және талап етілмелі валюталық салымдар, сондай-ақ мерзімі 12 айға дейінгі жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме өзгермейді және 1% деңгейінде қалады.

КФГД мәліметінше, шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдік мөлшері де өзгермейді. Доллар, еуро және басқа да шетел валютасындағы депозиттер, карталар мен шоттар бойынша бір салымшыға бір банк ішінде 5 млн теңгеге дейін кепілдік беріледі.

Қор бұл өзгерісті валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеуді кезең-кезеңімен ырықтандыру аясында енгізіп отыр.