Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қатысты 45 істі сотқа жіберді
Биыл Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысы бар 45 қылмыстық іс сотқа жолданды. Олардың арасында автокөлік алаяқтығы, есірткі сату және бопсалау деректері бар.
Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін әшкерелеу бойынша жүргізілген жұмыстың қорытындысы ретінде биыл 45 қылмыстық істі сотқа жіберді. Істер бойынша автомошенниктер, есірткі сатушылар және бопсалаушылар жауапқа тартылып отыр.
Қарағанды облысында тау-кен байыту кәсіпорындарынан тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен 10 мүшесіне үкім шықты. Сот оларға 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ облыстағы ірі қала құраушы кәсіпорын аумағындағы мүлікті жасырын алаяқтық тәсілдер арқылы ұрлауға қатысы бар топтың жетекшісі мен төрт мүшесі де кінәлі деп танылды. Оларға 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
Алматыда автокөлікті заңсыз тіркеу, VIN-кодтарды және ақпараттық жүйелердегі деректерді өзгерту, сондай-ақ автомобиль сату кезіндегі алаяқтық деректері бойынша 13 адамға сот үкімі шықты. Оларға 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Астанада есірткі құралдарын сату ісі бойынша ұйымдастырушы мен 5 қатысушы сотталды. Ұйымдастырушы 17 жылға, ал оның сыбайластары 16 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қызылордада кәсіпкерлерді қоса алғанда, жүйелі түрде бопсалаумен айналысқан 8 адамға 11 жылға дейін жаза кесілді.
Министрлік ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесу жұмысы жалғасып жатқанын хабарлады. Негізгі міндет — заңсыз әрекетті тоқтатып қана қоймай, қылмыстық топқа қатысы бар әр адамды заң алдында жауапқа тарту.