Қаржы

Алматыда Қазақстан–Қытай инвестициялық форумы өтіп, 8,2 млрд долларлық келісімге қол қойылды

Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан–Қытай инвестициялық форумы өтті. Форум барысында жалпы құны 8,2 млрд доллар болатын 50 коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан–Қытай инвестициялық форумы алғаш рет ұйымдастырылды. Жиынға екі елдің үкіметі, өңірлері, ұлттық компаниялары мен бизнес қауымдастығының өкілдерін қоса алғанда, 600-ден астам адам жиналды.

Форум аясында жалпы құны 8,2 млрд доллар болатын 50 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұл құжаттар екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған.

Президенттің ұсынысымен форум енді жыл сайын қыркүйек айында «Қазақстан – Қытай» Алматы инвестициялық диалогы форматында өтеді. Аталған алаң қазақстандық және қытайлық бизнес өкілдерінің тікелей байланысын нығайтуға арналмақ.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, қала Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты және өңірлік дамуды күшейтетін жаңа жобалар үшін маңызды алаң болып қала береді.