Жаңалықтар

Тоқаев қала мен ауыл жастары үшін бірдей мүмкіндік жасауды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қолдау, шағын қалалар инфрақұрылымын дамыту және мәдениет саласындағы эндаумент-қорларды жетілдіру жөнінде тапсырма берді. Ол тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық азамат үшін қоғамдық орта сапасы тең болуға тиіс екенін айтты.

Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды жұмыспен қамту, шағын қалалардың инфрақұрылымын дамыту және мәдениет саласындағы эндаумент-қорларды жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Мемлекет басшысы жастармен жұмысты жаңа институттың негізгі бағыты деп атады. Оның айтуынша, мектеп оқушылары мен студенттер сабақтан тыс уақытта пайдалы істерге тартылып, спортпен айналысып, жаңа білім салаларын меңгеріп, кітап оқуға тиіс.

«Әсіресе өсіп келе жатқан ұрпаққа айрықша көңіл бөлу қажет. Бұл да Халық Кеңесінің міндеті. Мектеп оқушылары мен студенттер сабақтан тыс уақытта созидательдік қызметке тартылуға тиіс: спортпен айналысуы, пайдалы білімнің жаңа салаларын меңгеруі, кітап оқуы керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қолда бар мәдениет және спорт нысандарын тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, кітапханалар, музейлер, мектептер, Достық үйлері мен саябақтарды барынша іске қосып, жаңа қоғамдық кеңістіктер де салу қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық ортаға қолжетімділік елдің қай өңірінде тұрса да, барлық азамат үшін тең болуы керек екенін айтты. Ол бұл талап тек ірі қалаларға ғана емес, шағын қалаларға, аудан орталықтарына және ауылдық аумақтарға да қатысты екенін атап өтті.

«Қоғамдық ортаның сапасы адамның қай жерде тұратынына байланысты болмауға тиіс. Үкіметке әкімдіктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды», — деді Президент.

Сонымен қатар ол әлеуметтік-мәдени бастамаларды қолдаудың экономикалық және құқықтық тетіктерін қайта қарауды ұсынды. Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмін тәжірибеде қолдану мәселесін Қазақстан Халық Кеңесі талқылауы керек екенін айтты.

«Эндаумент-қорлар туралы заңнамаға да өзгерістер қажет. Бұл мәдениет пен креативті индустрия жобаларын ұзақ мерзімде қаржыландыруға мүмкіндік береді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.