Қылмыс

Шымкентте танымал тамададан есірткіге ұқсас заттар табылды

Шымкенттегі қонақүй кешендерінің бірінде полиция есірткінің заңсыз айналымына күдікпен 36 жастағы ер адамды ұстады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Полиция мәліметінше, ұсталған азамат — Астана қаласының тұрғыны, азамат С. Ол қалада тамада ретінде танымал.

Тінту кезінде оның қонақүй бөлмесінен ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған полимер пакет және өсімдік тектес зат табылып, тәркіленген.

Оқиға кезінде ер адамның жанында әйел болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, ол интимдік қызмет көрсетумен айналысады.

Ұсталған азамат тәркіленген заттарды мефедрон және «мак» деп түсіндіріп, оларды жеке қолдану үшін сатып алғанын айтқан.

Қазір заттардың нақты құрамы мен мөлшері сараптама арқылы анықталып жатыр. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Тергеу мүддесіне сәйкес, ҚПК-нің 201-бабына байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.