Каспийдегі іздеу операциясы: 252 адам мен ондаған техника жұмылдырылды
Маңғыстау облысында Каспий теңізіне кеткен әскери қызметшілерді іздеу-құтқару операциясы тәулік бойы жалғасып жатыр. Операцияға 252 адам, 34 арнайы техника, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер және 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылған. Бұл туралы Newsroom.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Іздеу-құтқару жұмыстарына тікелей басшылықты Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жүзеге асырып жатыр.
Жедел штаб құрамына Қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірген.
Әскери қызметшілерді іздеу үшін теңіз акваториясы, жағалау аумағы және оған іргелес аумақтар әуеден тұрақты бақылауға алынды. Операцияға төрт тікұшақ та қатысып жатыр.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Арнайы комиссия қайғылы жағдайдың барлық себептері мен мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық әрі психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.