Жаңалықтар

Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні өтіп жатыр

Бүгін, 25 қыркүйекте Қазақстанда Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілер теңізге кеткен.

Ресми мәлімет бойынша, оқиға кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқан, үшеуі құтқарылған. Құтқарылғандардың біреуі ауруханаға жатқызылған. Қалған әскери қызметшілерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Аза тұту күніне байланысты мемлекеттік мекемелердегі тулар төмен түсірілді. Сондай-ақ ел аумағында ойын-сауық және бұқаралық іс-шаралар өткізілмейді.

Әскери қызметшілердің қаза болу себептері мен оқиғаның мән-жайын арнайы комиссия анықтап жатыр.