Қаржы

iPhone 18 арқылы алдаудың жаңа схемасы пайда болды

Қазақстанда алаяқтар iPhone 18-ге деген қызығушылықты пайдаланып, азаматтардың жеке және банк деректерін қолға түсіруге тырысып жатыр. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ескертті. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Ведомство мәліметінше, алаяқтар Apple атынан жалған хабарлама жіберіп, азаматтың атына iPhone 18-ге алдын ала тапсырыс рәсімделгенін хабарлайды. Оны жою үшін көрсетілген «қолдау қызметіне» қоңырау шалуды ұсынады.

Алайда хабарламадағы нөмір алаяқтарға тиесілі болуы мүмкін. Олар тапсырыстан бас тарту сылтауымен банк картасының деректерін, құпия сөздерді және басқа да мәліметтерді сұрап, адамды өздері айтқан әрекеттерді жасауға көндіруге тырысады.

Алаяқтардың тағы бір тәсілі — iPhone 18-ді өте тиімді бағамен ұсынып, жылдам жеткізуге уәде беру. Хабарламадағы сілтеме қолдан жасалған сайтқа бағыттайды. Онда банк картасының деректері мен басқа да құпия ақпаратты енгізу сұралады.

Бас прокуратура күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеуге және көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмауға шақырады. Сондай-ақ бөгде адамдарға пароль, PIN және CVV-кодтарды, SMS арқылы келген растау кодтарын беруге болмайды.

Тапсырыс туралы ақпаратты тек сатушының ресми сайты немесе қосымшасы арқылы өзіңіз тексеру ұсынылады. Ал сайттың түпнұсқалығына көз жеткізбей тұрып алдын ала төлем жасауға болмайды.

Егер банк картасының деректері алаяқтарға беріліп қойса немесе күмәнді ақша есептен шығарылғанын байқасаңыз, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттап, полицияға жүгіну қажет.